Шарт арапты шолады зерікпеген,
Жүре берсе жылжыған көлікпенен.
Бейнетімнің бетіне шаң жуытпай,
Құдай басқа салғанын көріп келем.
Көргенімнің тіземін қайсы бірін,
Күншілік жол жасаса айшылығын.
Әлдеқашан тас болып шиеленген,
Мен шешем бе тірліктің қайшылығын?
Арқасына аяздай жиі батқан
Тауқыметтен талайдың миы қатқан.
Жүгірген аң, ұшқан құс құтылған ба,
Сұр мергеннің оғынан қиып атқан.
Қарауылға ілінсең оқ табады,
Қанға батар құл басың ноқтадағы.
Ұясына ұңғының бұққан жендет–
Айырмайды қорғасын ақ-қараны.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ