Төрт түлігім дін аман, сау тұрғанда,
Тіске басар талшығым таусылған ба?
Төлдерімді сақтай гөр, киелі ата,
Топалаңнан, түйнектен, аусылдан да.
Сақта тағы пәледен, жаладан да,
Жақындатпа жат пиғыл жан адамға.
Тостағанның түбіне табынамын,
Ақ айранның жұғынын жалағанда.
Төрт түлігім тұс-тұстан мыңғырғанда,
Созған қолым жетеді мың жылдарға.
Төл дауысын естісем қуанамын,
Салауат қып мыңдаған қырғындарға.
Төлім барда қайтады неден бетім,
Соқтығыстан сан рет көгерді етім.
Бөрі менен ұрыға боршалатып,
Қарап жатсам қалмай ма көген жетім?
Қара саба қаңсыса тұралаймын,
Қара тұтып қалайша жыламаймын?
Тірлігімнің жанары ағып түсер,
Құзғын ойған көзіндей құралайдың.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ