Ойнаған оқты білтемен,
Жарытпас едің сен жар боп.
Бейкүнә досқа сілтеген,
Тұрдың ба қолда қанжар боп?
Тізейін қайсы бірін мен,
Күнәға тілім келмейді.
Пенденің бәрі сүрінген,
Тайдырған жолдан сен дейді.
Сындырса ардың қанатын,
Күңгірт қой ойға арғысы.
Қит етсе саған жабатын,
Адамның айла-шарғысы.
Күнәға батқан көл-көсір,
Жоқ болсаң мынау ғаламда,
Жазғырдым босқа, сен кешір,
Өкпеле онда адамға.
Бар болсаң егер, мыстаным,
Болмайды бүйтіп жүргенің.
Қолыңды кеп тұр ұстағым,
Көзіме, кәне бір көрін.
Ештеңе маған берме де,
Ештеңе менен алма да.
Жатпаймын сенсіз мен неге,
Сыйынып жалғыз Аллаға.
Өзіңді зармын көруге,
Беттесу үшін бір ғана.
Мұрша бер тыныш өлуге,
Жүректің төрін былғама.
Бет-аузың кісі көргісіз,
Бәлекет болсаң, тоятта.
Бақытқа бөгіп белгісіз,
Ұйқыға кетсем оятпа!
Тілімнің уын төгер ем,
Бар-жоғың, әттең, жорамал.
Сыртымда болсаң көрер ем,
Ішімде тұрсаң жоқ амал!?
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ