Ойға көштім соны ойлап, кырға көштім

Ойға көштім соны ойлап, кырға көштім,
Кездеспеді көшімді бұрған ешкім.
Шөгіп жатқан түбірін қопарам деп,
Қарағайын қайғының ырғап өстім.
Дүбіріне ілесіп жел аяқтың,
Ұйқыдағы жыртқышты көп ояттым.
Кетпенге ерген тоғанның суындай боп,
Қалай бұрса заманым, солай ақтым.
Қуа берсе қайтемін, ылайланам,
Кіремін деп құрдымға кім ойлаған?
Бетпақ шөлдей мен-дағы безерермін,
Кеңшілігін қимаса құдай маған!?.
Қатал тағдыр тіс жарып тырс етпесе,
Қашқан үміт қайырылмас бір шеттесе.
Көк бөрідей ұлимын көкке қарап,
Көрінген ит тақымдап, тірсектесе..

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *