Мен тұрмын шулы қала ішінде,
Түк көрмеген, түк сезбеген пішінде.
Жасырғаным–таңдайымның астында,
Талшық қылған тарамысым-тісімде.
Жел тимеген тағысы едім даланың,
Қамауына тез көндіктім қаланың.
Күн қабағын көкжиектен танушы ем,
Енді бағам терезенің қабағын.
Бұған-дағы шүкіршілік етемін,
Елден асып, енді қайда кетемін?
Осы болса–менің Мекке-Мәдинам,
Осы болса–ұя салған мекенім!
Шулы ортаға келген жоқпын бекерге,
Қуғанменен арманға адам жетер ме?
Тар қалаға тағдырымды байлағам,
Кең даланың құшағынан кетерде.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ