Қайсы арманның түбіне ғұмыр жеткен,
Артта қалды күндерім дүбірлеткен.
Күреңдеймін байқасам көп шабылып,
Қырқа-жонды,бел-белес, күдірді өткен.
Ауыздыққа езуін тілімдеткен.
Бәрін көзден өткердім жолдағының,
Жалт бұрылған сүрлеулер алдады мың.
Осып түскен қамшыдан шұбарала,
Жолбарыстың жүніндей жон, бауырым.
Өрмекшідей жанымды торлады мұң.
Өтемін деп тар соқпақ, тар көпірден,
Тасқа тиіп тұяғым сан кетілген.
Өзгелердей опық жеп,
Мен де өкінгем,
Сарқ-сұрқ қайнап кеудемде зар көпірген.
Зілдей батып үн шықса сәл зекірген.
Жараланып жүрегім болмашыдан,
Сыңайы бар запы боп көп жасыған.
Күдірейген жалымды қамыт қиды,
Босай алмай тұрмыстың арбасынан.
Арқам жауыр екені және де аян,
Жаба тоқып несіне мен жасырам.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ