Жер соқтырды салған уақыт бұлтағына түлкінің,
Жұрнағына зар боласың тозып біткен Түркінің.
Жапандағы жапырайып жалғыз тұрған бір лашық,
Жарыта ма жалпақ әлем, жарық күнмен сырласып.
Данышпан жоқ әзәзілдің тілін қырқып отырар,
Арыстанның азу тісін ақылменен опырар.
Көне жұрттан жинастырып, құрағанмен қиқымды,
Қайда апарып көрсетемін сұры қашқан сиқымды?
Бұққан торғай бүтін қалар, көсемсінген немді алған,
Теңгедей жер қияр маған текеметтей кең жалған.
Түгендеуге жоқ саяқты сайда саны, құмда ізі,
Тар қапастай тұл ғұмырдың түннен бетер күндізі.
Көксегенмен өткен өмір жыл құсындай қайта ма,
Жырыңды оқып жібитұғын жоқ Құсайын Байқара.
Надандықтың сақалы өсті сені кеше налытқан,
Ақындарды қашан құдай қуанышқа жарытқан?
Сырты сұлу толып кетті, періштеден жаралғыш,
Іштерінде қара шұбар жылан жатыр жан алғыш.
Қаламыңа сүйен, ақын, өлмесіңді көздесең,
Жұтыларсың айдаһардың арбағанын сезбесең.
Май шығар ма түпсіз ойдың көк теңізін шайқасам,
Осы күні саудагердің нарқы қымбат байқасам.
Таң қалмаймын қан базарда түскеніне құнымның,
Ей, әулием, өзің жар бол, өле-өлгенше құлыңмын!
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ