Күміс тиын жылтыраса арасынан қоқырдың,
Екі көзі шамдай жанар сығырайған соқырдың.
Арпалысқан ессіз тобыр елең етіп еңкеймес,
Алтын басың домаланса астында ойран-топырдың.
Ебелекті сүйеу көріп, кисең жұттай кебенек,
Сүйкенгені сен боласың қыршаңқы мен қотырдың.
Ағайының айғай салып алды-артыңда тұрса да,
Ауған жүгің түзелмейді үстінде тар көпірдің.
Саған емес қалтаңдағы қазынаңа іші ашыр,
Суға кетсең, құрбаны боп қара тасқын нөпірдің.
Алтыбақан алауыздық айналаңды жайласа,
Айна таздай қылтанақсыз қу тақырға отырдың.
Бір есекке орын босар екі жылқы тебіссе,
Сәні қашып сәйгүліктер сап түзеген ақырдың.
Қырық пышақ қым-қыуытта қалам десең аман-сау,
Жоныңды тос дойырына даңғой менен дөкірдің.
Ей, ақыным, төбеңе шай қайнатса да шыдап бақ,
Тоқсан толғап айтқаныңды көкейіне тоқыр кім?..
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ