Алқын-жұлқын аласұрмай аяғыңды аңдып бас,
Қара жартас–қапас тағдыр қасіретіңді мәңгі ұқпас.
Сен сүйгенмен, сайқал заман сені сүйіп мандытпас,
Адасқанды түпсіз дүние қай тарапқа қаңғытпас.
Мұхит толқып, теңіз шалқып, сел-дария тасып та,
Кең жаһанды жаба алмаған топан суы басып та.
Құдіреттің ашып-жұмған алақаны тарылса,
Аймақтай көл сиып кетер оймақтай-ақ қасыққа.
Пәни бетін теріс бұрса, бақи кейпін танытпас,
Су иесі Сүлеймен де жарылқамас, жарытпас.
Қырсық шалған бұл ғаламда Тәңірі ғана тарықпас,
Қырық жылғы қырғын келсе, қайда қалмас ғарып бас.
Түн-түнекке түскеніңше күн астында сауғала,
Сандаласың аз ғұмырды салғанменен саудаға.
Жын ұрғандай зым-зия боп жоғалғанша жым-жылас,
Тірлігіңді түгендеп қой, бүлк етіп бір ауна да…
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ