Алматының ғимараты ығы-жығы, қым-қиғаш,
Көлең келі терезеге күннің көзі нұр құймас.
Мейрамхана бай-мырзасы, сырахана сұлтаны–
Қашан көрсең қалқып жүзген біздің қазақ ылғи мас.
Алматының көшелері өрмекшінің торындай,
Бауырына өрлеген құрт Алатаудың сорындай.
Шарап буы бұрқыраған дыр-думанның ошағы,
Маскүнемге қаскүнемнің қазып қойған орындай.
Төс бастаудың тұнығынан бойлап ішкен су жалдап,
Қазақтың бір қалтасына бес қол түсер сумаңдап.
Аңыздағы тезегі алтын көк есекті көргендей,
Майлыаяқтай майысады даяшылар жылмаңдап.
Дарақыға дауа болмас екі етегі далиған,
Жуырмаңда жүдемейді, тілемейді ол иман.
Қара қазақ құлап түссе, сұлап жатып жөн айтар,
Кеңірдегі бүлкілдеген, күркілдеген сары Иван.
Бұл жалғанда жымысқы жоқ жыбырлаған өңештей,
Ақымақтың аты жүрмес айдарынан жел еспей.
Өз өмірін қылқылдатып өзі жұтқан сабаздың
Басындағы қауашағы түбі тесік тегештей
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ