Тілің тозар көнектей қырық шоқпыт жамаған.
Салбыраған басыңа жапалақ кеп саңғиды,
Торпағыңды аш бөрі тарпа бас сап қорадан.
Сарқыраған өзенің бұғауланып сағадан,
Зауал төнер жеріңе жүндей түтіп сабаған.
Аңдысқаның көбейіп жолдас пенен жорадан,
Оққа байлап бересің арысыңды арадан.
Қатын бала сүргінде қойдай шулап қаңғырып,
Қыл тақымын қиғызар зұлым итке қабаған.
Мола бұзған антұрған жатырына жүгіріп,
Ат үстінен шаптырар жұрт тынышта,ел аман.
Босағаға қол жайып төрде отырған төрелер,
Ауыздары босамас күңде жеген парадан.
Құс қанатын талдырған ұлан-байтақ даладан,
Өрттің бетін қайтарар табылар ма жан адам?
Маңдайшасы орданың жай түскендей қақырап,
Алты алаштың баласы айырылар панадан.
Айналайын,жан ботам,мен кетейін садағаң,
Жаратқаның жар болып, жаның қалсын жаладан!
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ