-Әулие, ата, сөзіңнің сыңайынан қорқамын,
Қанжар қиып түсердей қантамырын қолқаның.
Ұлығанда ішімде бөлтірігі үрейдің,
Жалғыз калған көкжалдай жапан түзде жортамын.
Суға салсаң сөлі жоқ, желге ұшырсаң дәні жоқ,
Қуыс кеуде көбейді қауызындай арпаның.
Зарлап өзің айтқандай халқым қайтіп күн көрер,
Жақсыларды сыпырды бетіндегі сорпаның.
Алла рақым етпесе, ел мойнынан кім шешер,
Қарғыдай боп жабысқан қасіреттің арқанын?
Маңдайдан сор кетпесе, таусылғанша талқаным,
Құмға құйған құрдымдай көздің жасын сарқамын.
Айырыққа тірелдім, қай жағына тартамын?
Оң жағымда-шөлейтім, сол жағымда-сортаңым.
Оңға тартсам өлім бар-өткір жүзі балтаның,
Солға тартсам арыма азап жүгін артамын.
Ұлтым үшін аттанса жаһаннәмға жан-тәнім,
Жер астында-сүйекпін, су астында-малтамын.
Ұят күшті-өлімнен, үйім тозақ-көрімнен,
Күнім караң Алашсыз-алдымдағы қалқаным!
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ