Көш сүрлеуі Түркістан-Тарбағатай арасы,
Ақтайлақ би ауылы–ат байлаған ағашы.
Түп қазығы–Бақсайыс, Сыр бойында сүйегі,
Пайғамбардың ұрпағы, дін жолының данасы!
Айтпай кетсек анығын, өлер сөздің атасы,
Қожалардың қонысы–Сарыарқаның жотасы.
Аягөзді мекендеп, мешіт ашқан кешегі,
Әулие еді Мірхалид көпке тиген батасы!
Көкіректе көзі бар кісі болса сөз ұғар,
Шежіренің сорабы осылайша жазылар.
Құл-Мұхаммед молланың төрт ұлының үшеуі,
Мәдина мен Меккеге барып қайтқан қажылар.
Аты шықса жақсының құлағымыз елеңдер,
Түзу жолға түлегін салған әке–кемеңгер.
Ағайынды үш қажы Әкетайдың ағасы–
Қожа-Ахмет, Ескендір, Сейіт-Ахмет дегендер.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ