Жел мініп жылды қусаң да,
Жаныңды нұрмен жусаң да,
Желкеңді қимай қоймайды,
Жез мойын болып тусаң да.
Қаларсың түбі құрсауда,
Жылауға келмес мұрсаң да.
Қапаста мейлі тұрсаң да,
Қанатың бар да бір самға.
Өмірің екі келмейді,
Басыңды тасқа ұрсаң да.
Торғайдай тірлік ұстатпас,
Сиқырлы тұзақ құрсаң да.
Табаның тайса тұрмастай,
Тимейді қайтып ұлтанға.
Талықпас тұлпар болсаң да,
Бір шаңды қосқан бір шаңға,
Көк бұлттың көлеңкесіндей,
Бетіңе түсер сұр таңба
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ