Жақсының құрығаны көзі мүлдем,
Атандай шойырылсақ белі үзілген.
Көмескі көп шиырдан таныды әрең,
Адасып қала жаздап ел ізіңнен.
Не шара адаспасқа, алжымасқа,
Қара сор үйіріліп төнді басқа.
Төрдегі әкемізді қуып шықтық,
Иланып есіктегі қаңғыбасқа.
Қаратау қалжырады күй кеткендей,
Қасірет қабырғасын күйреткендей.
Тажалға тәлкек болған ту даланың
Тап-тақыр беті тулақ сүйреткендей.
Зорлығы жүргеніне жат қуанар,
Тұқымы пәлекеттің тақ қуалар.
Ғайыптан қайта туып келе қалсаң,
Таппайсың таза бастау ат суарар.
Сонаға балдай татыр сорған қаны,
Шіркейдің құтылған ба сордан жаны?
Күштінің диірмен тартса мықты дүмі,
Далбаса дәрменсіздің қорғанғаны.
Қабеке, жер өксіді, ел өксіді,
Өзіңдей бір батырды керексіді.
Сүт емес бауырынан қан сорғалап,
Уақыттың қыңсылады өлекшіні.
Тағдырдың таразысы ауытқымай,
Тең ұстар күн туар ма халықты ұдай?
Емес пе пендесінің бәрі бірдей,
Бар болса болыспайды нағып құдай?
Дүние шабысынан жаңылар ма,
Дәрияға аққан түйме табылар ма?
Бықсытып, түтіндетіп, тұншықтырған
Тарихтың тас ошағы шағылар ма?
Жар болғай, батыр баба, тарыққанда,
Тіршілік титықтатып арытқанда.
Дәуірден аттап өту былай тұрсын,
Шама жоқ секіруге арықтан да.
Бұл күнде Абылай да, Бұхар да жоқ,
Бұтағын бәйтеректің бұтарлады оқ.
Қайғыға қайық салған, қайран көңіл,
Торғындай тозып біткен жұқарма көп!.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ