Есілде есіл,есіл күн,
Еш кетсең мені кешіргін?
Сары бел жұтқан сағымдай,
Санама сені көшірдім.
Сол жақта енді жасайсың,
Барында ақыл-есімнің.
Үзіліп кетсем есен бол,
Үстінде кіші бесіннің.
Бақилық мекен-тұрағың–
Тоқтаған жері көшімнің.
Менімен бірге құласаң,
Томардай түптен кесілдің.
Кесілген емей немене,
Батқаны мәңгі кешіңнің.
Обалың кетсе мойнымда,
Опасыз, ойсыз досыңмын.
Опаттан аман сен жаса,
Орнында қара қосымның.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ