Бұлауға түскен тобандай

Бұлауға түскен тобандай,
Бейнет пен сорға бөлендің.
Заманың сиқын танытты,
Меңіреу, мылқау, кереңнің.
Шалқыған көлің тартылып,
Қаңсыған шөлдей кебердің.
Шеңгелі бүріп ішіңді,
Шорланып қатқан шеменнің,
Қобызын тарттың күңіреніп,
Қапаста қайғы жегеннің.
Құтыла қалсаң кісеннен,
Сәтінде алаң-елеңнің,
Шыға алмай шарлап шетіне,
Опасыз дүние дегеннің,
Астыңа мінген ақ атан,
Апарып тасқа шөгердің.
Айтшы сен сонда не көрдің?
Үркектей қарап алдыға,
Үмітті кері шегердің.
Сен сенбей кеткен жалғанға,
Иланып қалай сенермін?
Сен көнбей кеткен құрыққа,
Жуасып қалай көнермін?
Сен тәрік еткен арбаның
Дәртесін мен де тебермін.
Жанымды қоймас келер күн,
Қарыздың құнын төлермін.
Сен жұтқан удың жұғынын
Мен-дағы жұтып өлермін.
Тізгінін тұлдыр пәнидің,
Артқыға мен де берермін.
Керегем кедей басқұр жоқ,
Өнегем өгей-дәстүр жоқ.
Қорадан тартар қойымды,
Аңдыған дүлей-қасқыр көп.
Амалын айтып кетпесең,
Көлденең тұр ғой кедергім.
Соңыңнан жетсем жұрдай боп,
Мақшарда саған не дермін?.

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *