Өлдім демес ертеңіне сенген ер,
Туғаннан соң өле білу, ол да-өнер.
Сусып түскен сақинадай саусақтан,
Сағым-ғұмыр сөнерінде дөңгелер.
Кісінеумен белдеудегі ат қалар,
Құлазумен төріңдегі тақ қалар.
Бір бұрқ етіп сенің соңғы тынысың,
Белгісіз бір бағыттарға аттанар.
Өкінішсіз кету қандай ғанибет,
Жүрегіңді сөнбес нұрға табиғы ет.
Құшағына мәңгі өмірдің кірерде,
Өз иесін тылсымдағы таниды от.
Жанарыңда елес беріп соңғы нұр,
Қиналады сені қимай сол ғұмыр.
Мұңлы дүние бас-аяғы баянсыз,
Күрсінеді мүсәпірдей сорлы бір.
Шешкеннен соң тірлік алтын шапанын,
Қара көйлек кигізеді апаның.
Топырағың сүйіп-құшар тебіреніп,
Күн сәулесін, таңның шұғыла-шапағын.
Қияметте сенен жауап кім алар,
Жер бетінде қалса барлық күнәлар?
Мұнда біреу рахатта жатыр деп,
Аялдай кет, ей, жолаушы, бірадар!
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ