ЖЫН -(араб. -рух, қазақ тілінде жын-пері, сайтан деп те айтылады) -мифологиялық бейне. Табиғат заңынан тыс көзге көрінбейтін құпия жаратылысқа, жаман рухқа байланысты түсінік адамзат қоғамында өте ерте замандарда қалыптасқан. Ассириялықтар, вавилондықтар, мысырлықтар Ж-ға сеніп, одан сақтанған. Ежелгі үнділер, қытайлар, гректер, парсылар сияқты көне түріктердің де «жаман рухтарға» сенгені мәлім. Дәстүрлі қазақ қоғамында қалыптасқан күл-қоқыс баспау, иесіз жұртқа түнемеу тәрізді, т.б. ырымдар ол орындарды «жындар жайлаған» деген сенімге байланысты туындаған. Есінен адасқан адамды «жын соқты», «сайтан шалды», «албастыбасты» (Ж-ның бір түрі) деп есептеп, бақсы ойнатып, дұға оқытқан, ұшықтап емдеткен. Ақыл-есі дұрыс емес адамды «жынды» деп атаған. Ж. кейде адамдардың көзіне әр түрлі құбылыс (ешкі, ит, қыз, т.б) кейпінде көрінеді деп санаған. Рухы биік адамдарға Ж-ның шамасы келмейді делініп, әлсіз адамдар үшін өте қауіпті болып есептелген. Соған байланысты Ж-нан қорғану әдіс-тәсілдері мен ғұрыптар жиынтығы қалыптасқан. Бұл, әсіресе, қазақ ауыз әдебиетіндегі «қамшы» мен «қамшыгер» бейнесіне байланысты оқиғаларда көбірек көрініс тапқан. Сондай-ақ, қазақ ертегілері мен аңыздарында Ж-дарға қатысты көптеген сюжеттер кездеседі. Қазақ мифологиясы бойынша, Ж-дардың көптеген ерекшеліктері бар. Мыс., алыс жерге бір сәтте барып келе алады. Адам баласы
оларды көрмесе де олар адамдарды көріп, қарап отыра алды. Адам үшін тылсым құпия саналатын кейбір жайттарды біледі. Ұзақ өмір сүргендіктен тәжірибелері мол. Алайда Ж-дар да ғайыпты біле алмайды. Ж. түтінсіз оттан жаралғандықтан әр түрлі бейнеге ауысуға бейім. Әйтсе де ақыл-ой тұрғысынан адамнан кейін тұрады. Ж-дар ерікті және саналы тіршілік иесі, үйленіп ұрпақ жаяды. Адам жаратылмай тұрып, жер бетінің билеушілері солар болған. Ж-дар туралы Құран Кәрімде Алла тағаланың Ж-дарды және адамзат баласын тек өзіне құлшылық ету үшін жаратқандығы айтылады. Сол үшін Ж-дарға пайғамбарлар жіберілген. Сүлеймен пайғамбар (ғ.с.) Ж-дарды бағындырып, олардың қабілетін пайдаланып, жұмысқа жекті, түрлі құрылыстар салғызды. Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) Ж-дардың да пайғамбары. Ж-дардың бір тобы Мұхаммед пайғамбарды тыңдап, оған иман етті. Мұсылман және кәпір болып екіге бөлінетін Ж-дардың гул, ифрит сияқгы бірнеше түрі бар. Ібіліс те Ж-дардың қатарына жатады. Сондай-ақ, Ж-дардың арасында олардың көптеген көмекшілері бар. Құран Кәрімде «жын-шайтандар» деп аталатын (әл-Әнғам сүресі, 112 аят) Ж-дар адамдарды қорқытады, бойына үрей туғызып, көңіліне күдік ұялатады. Адамдарды адастырып, аздырып, иманның жолынан тайдыруға әрекет жасайды. Тың тыңдап, аспан әлемінен «сыр» ұрлап, естіген сөздерін жалғанмен араластырып, сиқыршылардың, балшы-бақсылардың және көріпкел тәуіптердің құлағына сыбырлайды. Мұндай Ж-дар Құран оқылған жерден аулақ жүреді