ЖУРНАЛИСТИКА

ЖУРНАЛИСТИКА (франц. journal, нем.journalistik) -1) баспасөз, радио, теледидар, кино, интернет сияқты ақпарат құралдары арқылы елдегі және әлемдегі жаңалықтар мен оқиғалар,
саяси, әлеум., экон., мәдени, рухани және табиғи құбылыстар жөнінде жұртшылыққа мағлұмат беріп, қоғамдық пікір қалыптастыратын әдеби-шығармашылық қызмет түрі; 2) белгілі бір халықтың нақты бір кезеңде шыққан газет-журналдарының жүйесі, оларда жарияланған материалдар жиынтығы; 3) баспасөз тарихын, теориясы мен практикасын зерттейтін ғылым саласы. Әдеби-шығарм. қызмет түрі ретінде Ж. саяси, салалық, тақырыптық. т.б. басылымдар, радио және телебағдарламалар арқылы қоғамдағы көкейкесті мәселелерді қозғап, алуан түрлі аудиторияны әлеум., саяси және арнаулы мағлұматтармен қамтамасыз етеді. Қоғам дамуының заңдылықтары, әлеум., экон. және рухани мәселелер жөніндегі мағлұмат беріп, жұртшылықтың қоғамдық пікірін қалыптастырады. Неміс өнертапқышы И.Гутенбергтің ( 1394/99 -1468) баспама шинасын ойлап табуы (1445) Ж-ның пайда болуына ықпал етті. Алғашқы газеттер Германияда 1609 ж.. Ұлыбританияда 1631 ж. шыға бастады. Ж. терминінің өзі алғаш рет Францияда пайда болған. Ал Ресейде бұл термин әуелгі кезде журналдар жиынтығы деген мағына білдірсе, 19 ғ-дың ортасынан бастап барлық мерзімді басылымдарға қатысты қолданыла бастады. Қазақ тіліне Ж. термині орыс тілі арқылы еніп, 19 ғ-дың2-жартысынан бастап белсенді қолданысқа ие болды. 19 ғ-дың соңы мен 20 ғ-дың басында фотография мен кинематографияның пайда болуына байланысты фото және киножурналистика дүниеге келді. 20 ғ-дың 20-жылдарынан бастап радиотехника жетістіктеріне байланыстырадиожурналистика,40-жылдарынан бастап тележурналистика қарқынды дами бастады. 20 ғ-дың 90-жылдары ақпарат тарату көлемі мен шапшаңдығы жөнінен Ж-ның басқа салаларынан әлдеқайда басым түсетін бүкіләлемдік байланыс торабы -Интернет жүйесі пайда болды.Халықар. журналистік ұйымдармен арадағы қарым-қатынаста қазақстандық журналистер атынанҚазақстан Журналистер одағы өкілдік етеді. 19 ғ-дың екінші жартысынан басталған Қазақстан Ж-сы қазір қарқынды дамуда. Ж-ны теориялық және практикалық тұрғыдан зерттеп, ғыл. пән ретінде оқыту Қазақстанда тұрақты жолға қойылған. Қазақстанның жоғары оқу орындарында жыл сайын кәсіби журналистер даярланып келеді.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *