ЖОМАРТБАЕВ Тайыр, шын есімі Тайлақбай (1884. Шығ. Қазақстан обл. Абай ауд. Мұқыр а. -1937. Семей қ.) -педагог, жазушы, драматург. Көкбай медресесінде, 1911 ж. Уфадағы «Ғалия» медресесінде білім алған. 1911 -15 ж. Семей қ. маңындағы Жақия қажы мектебінде ер балаларға, әйелі Адығия Орманова қыз балаларға сабақ берген. «Балаларға жеміс», «Қыз көрелік» (1912) романы Семейдегі «Жәр дем» баспасынан басылып шыққан. 1915 -28 ж. Зайсан қ-нда, Маңырақ болысында мұғалім, 1928 -30 ж. Семейдегі No14 мектептің директоры, 1930 -37 ж. Семей пед. техникумында оқытушы болған. Ж. оқытушылықпен қоса журналистикамен де айналысқан.»Айқап», «Жаңа мектеп» журналдары мен «Қазақ», «Алаш» газеттеріне мақала, фельетондар жазып тұрған. Ж-тың «Сары сүйек құда», «Осы ма, қазақ өмірің?»атты пьесалары Зайсан, Семей театрларында қойылған. Кузнецк қ-нда No 23 мектепте жұмыс істеп жүрген кезінде жалған саяси жаламен тұтқындалып (1937), Семейде үштіктің шешімімен ату жазасына кесілген. 1956 ж. ақталған.