ЖЕТІ-СЕГІЗ БУЫНДЫ ӨЛЕҢДЕР — қазақ поэзиясында ерте кезден өте жиі қолданылып келе жатқан өлең өлшемі. «Майдағы жұрттың іші қар, Бәйшешек қарға өнер ме? Ішінде кімнің оты бар, -Қар жауса да сөнер ме?» (Абай). Жеті буынды тармағы екі бунақтан (4 буын -3 буын), сегіз буынды тармағы үш бунақтан (3 буын -2 буын-3 буын) құралады. Осы екі түрлі тармақтар шумақ ішінде белгілі ретпен топтасады. Мыс., төрт тармақ, алты тармақ, сегіз тармақ болып
келеді. Жырда да осы тармақтар қолданылғанымен, олар еркін араласып, түйдек-түйдек болып (тирада) топтасады. Жеті-сегіз буынды өлеңнің қазақ поэзиясында Абайдан бастап лирик. өлеңдерде (тек қысқа нақыл сөз, мақалдарға ғана емес) орныққан ырғақтық өрнегі бар. Бұл өлең өлшемінде сегіз буынды тармақтар екі 4 буынды бунақтан тұрады (4 буын -4 буын). «Тәңір қосқан жар едің сен, Жар ете алмай кетіп ең. Ол кезімде бала едім мен, Аямасқа бекіп ем» (Абай). Сәкеннің » Аққудың айрылуы», » Анаға жауап», «Сыр сандық» өлеңдері осы өлшеммен жазылған.