«ЖЕТІ ЖАРҒЫ» -Тәуке хан (1678 -1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы. Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдет-ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған «Қасым ханның қасқа жолы» мен «Есім ханның ескі жолын» одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасады. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Ж. ж-ға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау-жанжалдармен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шешіп отырған. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік
мәселелерін барлық жағынан қамтыды. Ж. ж. қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, афоризмдерден, мақал-мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Ж. ж-ның толық нұсқасы сақталмаған. Кейбір үзінділері К.Шүкірәлиевтің (1804), Я.Гавердовскийдің (1806),А.Левшиннің (1832) жазбаларында кездеседі. Олардан басқа Н.Гродеков,Л.А. Словохотов,А.П. Чулошников тәрізді орыс ғалымдарының зерттеулері мен айткан ой-пікірлері шежіреші Ә.Қайнарбайұлынан алынған нұсқаға жақын келеді. Аталған нұсқада Ж. ж-ның аталуы Тәуке хан енгізген жеті өзгеріске байланысты деген тұжырым жасалынған. Бұл өзгерістерде төрелер мен қожаларға ерекше құқық беру арқылы билікті нығайту мақсаты көзделгені айқын байқалады. Мыс.: 1) «Халық ханы, сұлтаны, пір-әзіреті қастан өлтірілсе,олардың әрқайсысы үшін жеті кісінің құны мөлшерінде құн төленсін». Яғни қарапайым ер адамның құны 1000 қой немесе 100 түйе, я болмаса 200 жылқы болса, сұлтан мен қожаның құны одан жеті есе көп; 2) «Төрелер мен қожалардың жай қатардағы біреуі өлсе,олардың әрқайсысына екі кісінің құны төленсін». Сонымен қатар, қоғамдағы тұрмыстық және адамгершілік қатынастарды құқықтық тұрғыда жетілдіре түскен. Мыс.: 3) «Сырттан кірген адам үйге кірерде мініп келген атын босағаға байлағандықтан біреуді теуіп өлтірсе, бүтін құн,үйдің жапсарына байлаған ат теуіп өлтірсе,жарты құн,ал үйдің артына байлаған ат теуіп өлтірсе тек ат-тон айып тартады». 4) «Ата-анасын туған баласы ренжітіп, қарсы келіп, қол жұмсаса,онда ол баланы ата-ана өлтірсе де ерікті, сұраусыз болады». 5) «Кәмелетке жеткен баласы туған ата-анасына тіл тигізіп сөккені үшін (қол тигізбесе) қара сиырға не қара есекке теріс мінгізіп,мойнына қара құрым іліп, ауылды айналдыру керек». 6) » Құйрық-бауыр жесіп, құда болған соң ақ баталы жесір басқаға кетсе, оған берілген қалыңмал жесір иесше қайтарылып, оның үстіне қалыңсыз қыз немесе бір қыздың қалыңмалы беріледі». 7) «Ұры айыр түйеге нар, атқа аруана, тайлаққа атан, тайға ат, қойға тана төлейді. Оның үстіне үш тоғыз айып төлейді». Осы соңғы өзгерістермен қатар жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық-қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдет-ғұрып заңдары Ж. ж-да көрініс табады.