ЖАРЛАЙ АРНАУ -ауыз әдебиетіндегі жанрлардың бірі. Бұл жанрды көшпелі елдің тұрмыстық-рухани қажеттілігі тудырған. Жиын-тойларда, аста, т.б. халық көп жиналған жерде біреудің ұрланған малын, қолды болған басқа да дүниесін, немесе жоғалған адамын, т.б. жоғын іздеп, жар салушы жария етіп айтады. Көп жағдайда сөзі тыңдаған елдің құлағында қалуы, естіген ел елең етуі, назар аударарлық сипаттарын, қадір-қасиетін өлеңмен мәлімдеп, жұртшылықгың көкейінде қалатындай етіп, сол арқылы әсер етуге, жәрдемдесуге ықыластандыратындай етіп жырлаған. Осылайша Ж. а. арқылы талай жоқгың табылғаны көшпелі елдің тарихынан белгілі. Ж. а. белгілі бір қуанышқа, т.б. жұрт көңілін бұру үшін де айтылған. Мәселен соның бірі -баланы сүндеттеу. Басына үкілі тақия кигізген, жуас атқа мінген баланың қанжығасына қоржын бөктеріп, естияр кісі ауыл-ауылды аралайды. Бәленше деген кісінің бәленше деген баласы бәленбай күні сүндетке отырғызылады, соған келіңіздер деген хабарландыруды өлеңмен айтып, жалпақ елге жар салады. Асқа, тойға шақыру да, бәйгеге қандай заттар тігілетінін, тойдың немесе астың салтанаты қай жерде қалай, қандай тәртіппен өтетінін де өлеңмен жар салып айтады. Малын немесе басқа дүниесін сатқысы келгендер деЖ. а. арқылы ұсынатын затының қадір-қасиетін жиналғандарға мәлімдеп, келушілердің көзіне түсуге тырысқан. Өлеңмен айтылса, тыңдаушыларға -алушыларға жетімді, әрі өтімді болатыны ескерілген. Жар салу да, жар айтудың түрлері де -барлығы да Ж. а. ретінде көшпелі халықтардың тіршілік қажеттілігі тудырғандықтан бәрінде де кездескен. Бұл жанр шығармаларының көркемдігі айтушылардың қарым-қабілетіне байланысты. Сондықтан қазақ пен қырғыз арасында жар салуға, жар айтуға әрі ақындығы күшті, әрі даусы ашық, жарқын адамдарды, арқалы ақындарды шақыратын әдет қалыптасқан. Әйгілі Жамбылдың өзі де кезінде Ж. а. айтқан. Ж. а-дың мақсаты -жоқ туралы, немесе белгісіз жағдай туралы жалпақ елге мәлімет беру, жай-жапсарды біле бермейтін елді мүмкіндігінше толығырақ хабардар ету болып табылады.