Оралдым ауылға мен жылдар салып,
Қуана құшақ жайып тұр қарсы алып.
Тезірек түседі екен тосын көзге,
Арада өзгергені кім қаншалық.
Біразы көне үйлердің күйрегендей,
Қатары қарттардың да сирегендей.
Бәрінің орындары үңірейіп,
Тұрғаны-ай,
Көңілімнің күйге келмей.
Секілді бір қарасам қаз-қалпында,
Дүние өз орнынан қозғалсын ба?
Сол қалпы бәз-баяғы таныс тірлік,
Жүзіп жүр баяғыдай қаздар суда.
Дариға, қайда сол бір балалық шақ!?
Мен тұрмын жан-жағыма қарағыштап.
Анау бір күлімдеген кішкентай қыз,
Кенеттен әлдекімге барады ұқсап.
Әкеткен қайда қуып өмір желі,
Қуақы сары ұл неге көрінбеді?
Өзіммен өзім ғана сырласамын,
Жая алмай құпиямды көңілдегі.
Кеудемде бұлт аунайды түйдек-түйдек,
Білмеймін апарарын қайда сүйреп.
Табылмай іздегенім іштен тынып,
Тартқандай жабырқаңқы көңіл күйреп.
Жүрегім аласұрды неге менің,
Жарқыным, сезесің бе не керегін?
Дүние-ай,
Қайта қуып жөнелер ме ем,
Үміттің ұшып-қонған көбелегін!?.
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ