Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны

Жалғыз шегіп жапаны, сорлап жаны,
Қандай қиын соңғының долданғаны?
Қызыл өрт боп көзіне көрінгендей,
Қалың қопа кешегі болған бағы.
Ағып жатыр суылдап қаны судай,
Алысып-ақ бағып ед алысудай.
Сұрғылт тірлік сырқырап өте шықты,
Сұп-сұр болған Балқаштың қамысындай.
Дүлей тұрсын алдында төбедейін,
Атылатын еді ғой жебедейін.
Азулары қанжардай осып түсіп,
Тырнақтары қадалып шегедейін.
Қайдан ғана қырсық оқ тиген еді?
Қара шыбын қанына үймеледі.
Сескенбейтін селт етіп сері еді ғой,
Именеді…
Ажал кеп кимеледі.
Біле алмайды өңі ме, түсі ме бұл,
Жатыр сұлық–
Келе алмай күшіне бір.
Ызыңдай ма қапалы қалың қамыс,
Қыңсылай ма, немене, күшік-өмір?!
Күшік-өмір!
Кешегі күні еді ғой,
Жолбарыстар қопаның пірі еді ғой.
Көптен бері жабырқау жалғыз жортты,
Кеудесінде кекті бір тіреліп ой.
Жалқы қалды, сезеді, бұл маңайда,
Ажал келіп мұны да жұлмалай ма?
Екі көзі қанталап, ыза кернеп,
Сан атылды жарқырап туған айға.
Зая кетті қайраты текке не бір,
Зілдей жаншып үнсіздік шөккен өңір.
Сұр қамыстан сыңсыған үн шығады:
«Текті болсаң,-дегендей,-кектене біл!»
Жемін аңдып, жатып ап етпетінен,
Жортқандықтан тапты ма бет-бетімен.
Қайда барса сығалап қарауылдан,
Қатер-қауіп қалмады өкшесінен.
Қуат бітті,
Бойда тек намыс қана,
Кете алмады әлде ауып алысқа да.
Жыртқыш еді,
Тапты ма жырқыштықтан,
Бола алмады қопалы қамыс пана.
Қараңғылық біртіндеп торлап үстін,
Солғын тартты жанары толған ұшқын.
Жаман-жәутік тексіздер көбейгендей,
Азайғалы тұқымы жолбарыстың.
Алқымына тығылды ақырғы дем,
Қарашықта сәуле ойнап жасыл-күрең.
Соңғы екенін өзінің сезінген соң,
Қоштаса алмай өмірмен жатыр білем…
Сапырылып жер менен көкте дауыл,
Суырылып барады өкпе-бауыр.
Соңғы болып көз жұму қандай сұмдық,
Соңғыжүкті көтеру неткен ауыр?.

НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *