«ЕДІЛ-ЖАЙЫҚ» -эпостық жыр. Оқиға сарыны халық арасына кең тараған ертегі сюжетінен алынған. Шығармада Еділ, Жайық атты батырлардың ерлік істері баяндалады. Екі батырдың бірін-бірі іздеп шығып,халықты жаудан азат етуі, әкесі Еділді баласы Бөртештің іздеу жолындағы ерлігі эпостық сарында суреттеледі. Ел қорғаны батырлардың. адамға дұшпан күштердің мінездемесі эпикалық әсірелеу дәстүрінде берілген. Бұрын еш жерде жарияланбаған,тақырып, тарауларға бөлінбеген. Бұл жырдың ауыз әдебиетін жинаушы Б.Тұрсынбаевтың 1951 ж. Жамбыл обл-нда тұрған Мұса деген қарт ақыннан жазып алған нұсқасы толық, 7-8 буынды жыр үлгісіне құрылған. Ал осы Б.Тұрсынбаевтың ел аузындағы аңыз негізінде өңдеп жырлаған «Еділ мен Жайық батыр» атты дастандарының Мұса нұсқаларынан сәл өзгешелігі бар. Б.Тұрсынбаевтың нұсқаларында екі батыр қалмаққа қарсы соғысып, жау қолынан қаза табады. Бұл нұсқа да бұрын баспа бетін көрмеген, мәтіні толық, 7-8 буынды жыр үлгісіне құрылған. Мұса нұсқасы Әдебиет және өнер ин-тының Қолжазбалар және мәтінтану бөлімінде, ал Б.Тұрсынбаев нұсқасы Орт. ғыл. кітапхана қорында сақтаулы.