ДУЛАТ Бабатайұлы

ДУЛАТ Бабатайұлы (1802. Шығ. Қазақстан обл. Аякөз ауд. Сандықтас қонысы. -1874, сонда) -ақын. 19 ғ. қазақ поэзиясының ірі өкілі. Ақтайлақ би, Ақтамберді жыраулардың ақындық мектебінен үлгі алып, оларды ұстаз тұтқан. Д. өз өлеңдері мен толғауларында заман шындығын жырға қосып, қазақ поэзиясын мазмұн, тақырып жағынан байытты, көркемдік тәсіл, түр жағынан жаңа биікке көтерді. Өз шығармаларында Ресейдің қазақ жеріндегі отаршылдық саясатын сынап, сол кездегі қазақ қоғамы-ның ащы шындығын жарқыратып көрсетті. «Еспембет» дастанында жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерлігімен көзге түскен Еспембет батырды жырға қосып, осы елін сүйген өр тұлға, қаһарман бейне арқылы тәуелсіздікті көксейді. Өлеңдері ел ішіне ауызша және қолжазба түрінде таралған. Д-тың тұңғыш өлеңдер жинағы1880 ж. Қазанда «Өсиетнама» деген атпен жарық көрді. Ақынның кейбір өлеңдері кеңес дәуірінде әр түрлі хрестоматияларда «XVIII -XIX ғасырлардағы қазақ ақындарының шығармалары» (1962) деген жинақта, кейін «Үш ғасыр жырлайды» (1965) жинағында басылып шықты. Ал, «Еспембет» поэмасы алғаш рет 1957 ж. «Жұлдыз» журналының 5-нөмірінде жарияланды. Ақын «Тегімді менің сұрасаң», «О, Сарыарқа, Сарыарқа», «Аскар таудың сәні жоқ», т.б. жырлары мен жеке кісілерге айтқан «Сүлейменге», «Бараққа», «Кеңесбайға», т.б. арнау өлеңдерінде қазақ жерінің отарлануын, ел билеушілердің отаршыл саясаттың шылауында кетуін сынайды. Д-тың бұдан басқа «Шаштараз»,»Тымсал өлең» атты ірі шығармалары бар. М.Әуезов Д-ты ғыл. зерт.-лерінде, «Абай» романында жоғары бағалайды. Д. мұрасы қазақ әдебиеті тарихында әр қилы таным тұрғысынан бағаланып 1940 -50 ж. қызу пікірталас нысанына айналды. Д. мұрасы жөнінде ғыл. таным мен дүрыс баға талантты ғалым К..Өмірәлиевтің»Қазақ поэзиясының жанры мен стилі» деп аталатын көлемді ғыл. монографиясының басылым көруіне байланысты тұрақтана бастады. 1978 ж. жазушы-ғалым М.Мағауин Ленинградта құрастырып шығарған «Поэты Казахстана» жинағында бір топ өлеңдері жарияланса, 1991 ж. ғалым Құлмат Өмірәлиевтің құрастыруымен 1991 ж. «Замана сазы» өлеңдер мен дастандар жинағы жарық көрді. Таңдамалы өлеңдері екі томдық «Бес ғасыр жырлайды» (1989. 1-т.),»Зар заман» (1993) жинақтарында жарияланды.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *