ДИВАЕВ Әбубәкір Ахметжанұлы

ДИВАЕВ Әбубәкір Ахметжанұлы (3.12.1856, Ресей, Орынбор -5.2. 1932. Өзбекстан, Ташкентқ) -фольклорист,этнограф. Ұлты -башқұрт. Орынбор кадет корпусының Азия бөлімін бітірген (1876). Түркістан әскери губернаторы қарамағында тілмаш болып,кейін Ташкент қ-нда Әскери-халықтық басқармада қызмет еткен. Д. өзбек, тәжік,парсы тілдерін меңгерген. Кадет корпусында жүріп қазақ тілін үйренеді. 1883 жылдан бастап Сыр бойын,Әмудария мен Хиуа өлкесін,Оңт. Қазақстанды аралап,қазақ халқының тұрмыс-салты, әдет-ғұрпына қатысты құнды материалдар,ертегілерін,мақал-мәтелдері мен жұмбақтарын, поэзия үлгілерін жинаумен шұғылданған. 1895 ж. Д-тың қатысуымен Қожа Ахмет Иасауи мешітінен табылған көне жазулар Түркістан өлкесі тарихын зерттеуге қосылған елеулі үлес болды. 1896 ж. 22 қаңтарда Археология әуесқойларының Түркістан үйірмесіне мүше болып қабылданды. Ташкенттегі Қазақ ағарту ин-тында және орта Азия ун-тінің Шығыс ф-тінде сабақ бере жүріп, ғыл.-зерт. жұмыстарын жалғастырды. 1920 жылдан Түркістан Халық ағарту комиссариатының Қырғыз (қазақ) ғыл. комиссиясының мүшесі ретінде Сырдария, Жетісу облыстарына жасалған экспедицияларды басқарды. Д. ғылыммен шүғылданған елу жылдық (1883-1922) өмірінде қазақ халқы рухани мәдениетінің барша саласын: бесік жырын,беташарын, құдалық салтын,күлкі-сықақтарын, дастандарын, мақал-мәтел, толғауларын,бақсы сарынын. т.б. қамтитын100-ден аса еңбек жариялады. Ол әсіресе қазақтың эпик. жырларын («Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қобыланды батыр», «Ер Сайын», «Едіге», «Бекет батыр», «Шора батыр», «Қамбар батыр», «Айман-Шолпан», т.б.), ертегілерін («Алаша хан мен Алдар көсе», «Ажы», т.б.), «Қазақ балаларьшың ерте замандағы ойындарын», «Шешендік сөздерін» жинап, баспа бетіне түсірді, олардың кейбіреулерін орыс тіліне аударған. Халық аузынан Асан қайғы, Алаша хан, Әмір Темір, Қараш батыр, т.б. туралы деректер жазып алып, жариялаған. Д. жинаған нұсқалардың тағы бірі -ежелгі күнтізбе, астрономия туралы халық ұғымдары. Сырдария қазақтарының өмірінен көлемді этногр. материалдар жинаған. Д-тың ғылымға сіңірген еңбегін орыстың атақгы ғалымдары П.М. Мелиоранский, В.А. Гордлевский, В.В. Бартольд, т.б. аса жоғары бағалаған.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *