Бұл дүние тұспалдамай, астарламай

 
Бұл дүние тұспалдамай, астарламай,
Тұра ма төмендемей, аспандамай?
Жарқыным, айырмаң бар тастан қалай,
Өтсең бір жанарыңнан жас парламай?
Бостан-бос берілмеген мына ғұмыр,
Болады әр нәрсенің сұрағы бір.
Түңілсең–
Біржолата үмітіңді үз,
Үңілсең–жүрегіме жылап үңіл!
Өрнектеп ойым бәрін жаза алар ма,
Орынсыз тағы сені мазалар ма?
Күлсе де, жыласа да сендіретін,
Өмірде көз жасынан таза бар ма?!
Кеудесі қара жердің жаралы рас,
Жазықсыз ұшты сансыз бағалы бас.
Мысқалдап өлшеп көрген бар ма сірә,
Қаншама төгілгенін қаралы жас.
Сезімнің айнасына шаң жұқтырмас,
Сағыныш қалай нәзік назды ұқтырмас?
Адамдар мауқын басқан,
Жарқылдасқан
Баянды бақытты жас аздық қылмас.
Өмірге бұлданады кім өкпелеп,
Босаңсып, көңіліңді жүдетпе көп.
Қайғырсаң, қуансаң да,
Ең алдымен–
Жарқыным, жылау үшін жүрек керек.
Жүдесе кейде жаның жасығандай,
Бола ма асып алмай, тасып алмай.
Жақсыдан, жаманнан да хабары жоқ,
Шіркін-ай, сәбидің көз жасы қандай!?
Бір тұнық мөлд
іреген бұлақ көрсең,
Көзінде жас бар ма екен-
Сұрап көр, сен?!
Білесің кетеріңді өзің қалай,
Әйтеуір келер болсаң, жылап кел, сен!.
 
НЕСІПБЕК АЙТҰЛЫ

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *