Ұлы Римнің баламасы сықылды,
Адал,
Асқақ дидары –
Император Траян
Уәзірі Сабуранға
Алмас қылыш сыйлады:
«– Рим азды!
Барам аяп…
Жылайын ба егіліп?
Балалары – жалаң аяқ!
Жуандары – семіріп…
Консулға бай бас тартады
Оранып ап шалғынға.
Красстардың дастарқаны –
Ит пен құстың алдында.
Жанарлардан жалын сөніп,
Жансыз қайдан қаптаған?
Ұлы Римнің қанын сорып,
Шелденген – кім? Айт – маған!
Не буып тұр тіл-көмейді,
Неге ел құмар мақтанға?
Сенат неге үндемейді –
Жұрт қырылып жатқанда?!
Тәңірі атсын мұндай жерді!
Ес жи, Рим, бір мезет:
Цицерондар тумай ма енді,
Өңкей тантық тіл безеп?!
Қайда тектің, арыңды – әрі?
Ақ мәрмардай түсі аппақ –
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК