Қош, соңғы серісі ғаламның!
…Көзге – нұр, көмейде – үн күлген,
Алашқа керек сол Адамның
Аллаға
Керегін
Кім білген?!
Ана жақта банк, парк, баспа бар,
ерен үн бар елтөбелер жасқанар.
Мына жақта жаман дүкен, көк арақ.
барак, үйлер бар және бір Жас Марал.
Жұматай.
Бауырым, келші…
Кенежиренмен шабайық.
Сен жақта не бар,
Мен жақта не бар, санайық,
Арғымақпенен кетейік шауып, алға
Асып,
Адамдар қалсын,
Замандар қалсын шаң басып.
Мен жақта Күн бар,
Сен жақта Түн бар, –
Арбасып, –
Кезек пен кезек тұрады – дейді –
Алмасып.
Дүние – кезек.
Дүбірлеп жатыр тасқында.
Қай жақта қалдым қара түнектен қаштым да?
Сен жақта не бар?
Мен жақта Күн бар – һас тұлға,
Жарық пен түнек арбасып жатыр астында.
Мен жақта – банк,
Жоқ оның маған құны түк.
Қарайды бірақ қабағын неге суытып?
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК