Қасқыр – замана ішек-қарындарын

Қасқыр – замана ішек-қарындарын
Ұлытып,
Жүрегі барын барады пенде ұмытып!
Қанбазар – қалың,
Ғаламды жатыр сатып ап,
Музалар қалды…
Биржалар кетті қатынап!
Қан саулап кетті зұлымдық шықпай жатып ап,
Алшаңдап кетті Абайды ұқпайтын ақымақ.
Бұл жақта кім бар?
Көрдің ғой көзбен тәуірін?
Келдің ғой… келіп көтердің жүгін ауырын.
Біз жақтың көрген жауынын, зілін, дауылын…
Сен жақта Мағжан,
Қасымдар бар ғой, бауырым…
Айтсаңшы, бауырым, кеудеңде
Мендей шер жоқ па?
Ғаламда Жоңғар Алатауындай жер жоқ па?
Білемін, иә, ес-дертің сенің – ел жақта,
Махамбет – сенде,
Ықылас қалды – мен жақта.
Сен жақта қалай?
Бұл жақта көкте Күн күлген.
Оятып таңы, қажытып түн көз ілдірген.
Жарық пен Түнек айқасып бәрін
Бүлдірген…
Күндердің күні қайсысы жеңбек?
Кім білген…
Мен жақта әлі қантөгіс – Сенат Алаңы,
Қаланы қосты өзіне, бүкіл даланы.
Әбілді өлтірген Қабылдың қанды балағы,
Сабады бауырын, Алашын итше талады…
Мен барам Саған. Олар да Саған барады.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *