Қазақ кенде болмағанмен ақынға,
Түптеп келсең, түбі түркі затында –
Алатауда аңыз көшіп жүр бүгін
Бір үйдегі екі шәйір хақында.
Басқа ұлыстың үні өктем боп ұлтында,
Тұрған кезде талшық мұң боп құлқынға.
Сарноқайдың тұлпарларын жырлады,
Атомдар мен моторлардың жұртында.
Қандай-қандай ақын туған жұртымда!
Алтыннан жел есетұғын айдары,
Алашымдай асқақ болу қайда әлі:
Екі ақыны жырлады да бір үйде,
Бір бұтақта егіз бұлбұл сайрады.
Ақындарға адамзаттан кешірім,
Сұлулыққа ғашық болса несі мін?
Сұлулыққа ғашық болып екеуі
Ләйлә ару деп қойды оның есімін.
Жеті өзенге құйып кейде тасып кеп,
Жерден құс боп кетіпті ұшып, асып көк,
Біреуі еркек, біреуі әйел болса да
Өксіп өтті Ләйлә аруға ғашық боп.
Қонған бұтақ кем болмай-ақ тақтан да,
Сайрайды-ай кеп бірге оянып ақ таңда.
Тыңдапты ұйып үнін Алаш – анасы
Балалары ұйқысырап жатқанда.
Ләйләні іздеп, кеңістікте ойы ағып,
Омырауы көз жасына боянып…
Арғы жағын енді айтпай-ақ қоялық.
…Таңқалады естісе сол әуенді, –
Біздің әулет ұйқысынан оянып!
Арғы жағын енді айтпай-ақ қоялық.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК