Христосты сатып кеткен Иуда
Сені дағы көрсетті ме? Кім білсін…
Сатса сатар! Қайтем қуып елесті?
Ер ісіңді екшей жатар ел есті.
Халық сүйген «Сәкен» дейтін өр тұлғаң
Құдыретті құдайдан кем емес-ті!
Ескі тарих елесі тұр миымда,
Ессіздікті болмай ма еш тыюға?
Оңымыздан, солымыздан бір шығып
Соңымыздан қалмай қойды-ау Иуда?!
Тар жол, тайғақ кешулерді не түрлі,
Бастан кешіп, ұрпақтарың жетілді.
Адамзаттың азасы бір, шаттығы,
Әзәзіл де – біреу ғана секілді!
Асқақ өмір атпай қоймас таңдай-ды,
Ұрпақтарды ұрпақтарға жалғайды.
Қыран даусың қайта көктен естілді,
Біз сен үшін соттамаймыз Ешкімді…
Бірақ… Ешкім ақтала да алмайды.
Иса құсап суып бозғылт түс-өңі
Өлген жоқсың. Затың – Сұңқар құс еді.
Бар болғаны: шаршап… ұйқтап – түс көрдің.
Бірақ неткен қорқынышты түс еді!
Арайланып атты, міне, нұр таңың.
Тұғырыңа қоншы, Қызыл Сұңқарым!
Оян, Аға, оян қане, ұйқыңнан,
Енді мұндай түс көрмесін ұрпағың!
Неге үнсізсің! Тіл қатсаңшы балаңа,
Бауырыңа, Сарыарқаңа, Далаңа!
Тәнің өліп кеткенімен, санада –
Рухың мәңгі тірі еді ғой, Жан аға?!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК