Тағы келіп тап болдың ба жасынға?
Неше түрлі күдікті ой бар басыңда.
Көзіңді ашсаң: көкірегі қайғы-шер
Бейімбет пен Ілияс жүр қасыңда…
Көрген сынды адам емес – бүйіні
Олардың да түсіп кеткен иіні.
Аң-таң қалдың: Анненковтың үстінде –
Милиция киімі!
Тұрып қалдың сонда түкті түсінбей,
Жаны кетіп, тәні… қалған мүсіндей.
Түсім дейін десең – өңің сықылды,
Өңім дейін десең тура – түсіңдей!
Сонда Атаман сөйлеп кетті құтырып:
– 18-де… кетіп едің құтылып…
37… ойран болып – сорыңа –
Өзің келіп түстің менің қолыма!
Қазына не – ұры-қары үлескен?
Бүкіл тарих өтті текетіреспен.
Қол-аяқтан шегенделген Иса да
Қарақұрым халық үшін күрескен…
«Бостандық» – деп – түрме болды жеткенің.
Мәңгі бақи тұтқынымсың тек менің!
Адамзатқа азаттықты сағынған,
Сен… немене… Иса болам деп пе едің?!
Ал не шықты пайғамбардың жолынан?
Ол – ессіздік! Ол – шер-азап! Ол – ылаң!
Енді сенің мен жетермін түбіңе!
Иса да өлген Понти Пилат қолынан…
Сүйікті ұлын соққылатқан содырға,
Халық деген кім, ал сонда? Тобыр ма?
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК