Тап жауына болғанымен тәкаппар

Тап жауына болғанымен тәкаппар,
Қайран ақын, баладай ең, баладай!
Сәби едің. Көзіңе жас тола ма,
Жатқан жерің Бесік емес… Мола ма?!
Қара нарды… қайда салсаң – сонда сал:
Балаларды… азаптауға бола ма?!
Тұла бойың – саф сұлулық, еркелік.
Зұлымдықтан жүрегіңде дерт еріп…
Сұмды көрсең күкірт тиген ши құсап
Лап ете қап! Кетуші едің өртеніп!
Советстан сыйып кеткен жырыңа,
Қыран едің, қанат қаққан Шыңына.
Сұңқар құсап қарайтының қияға
Қарғалардың тиді ме екен жынына…
Көркіңе егер көзі түссе жан адам –
Иісі еркекті көргендей боп жаңадан –
Адамзаттың сұлуы сен екенсің
Анда-санда туатұғын анадан!
Әйелдерге сендей сері жолықсын,
Жолықсын да рахатқа молықсын:
Әлемдегі еркек біткен – бір төбе,
Сәкен аға, сен – бір төбе болыпсың!
Көкшетаудан бөтен жерді жерсінбей,
Қойғандайсың басқа өлкеге сен сіңбей.
Сені көрсе бұзылыпты бір күнде
Әйелдер де күйеулерін менсінбей!
Ақ патшаны тақытынан ұшырып,
Құлдық күйреп, күңдік күйреп, іші ұлып,
Аң-таң болды босағада қалған Бас
Өз үйінде Төрдің барын түсініп.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *