СӘКЕН СЕЙФУЛЛИН

Түсінбеймін; халықтың өз баласы
Қалай ғана жау болады халыққа?!
Рухың – тірі! Аспанымда ұшып жүр!
Қас қағымда… көрген дертті түсің бұл.
Түсіңде не сұмдық көрдің? Айтшы, аға?
Түсіндірші! Түсіндірші! Түсіндір!
Асау Рух – арқау асқақ дастанға,
Солқыл болар соңғы толқын – жас жанға.
Айналады адам тәні мәйітке
Рухы ұшып кеткен кезде Аспанға…
Таңсық емес жұлдыздардың сөнуі,
Адамдардың Ажал Сұмға көнуі:
Рухы едің қасиетті халқымның,
Рухтардың мүмкін емес өлуі!
Бесік жыры – ол тәрк ететін моланы.
Халықтардың, алыптардың сол – әні.
«Әруақ» деп айқайласа ел-жұртың
Арқамызға Атой болып қонады!
Пенде құсап… суып бозғылт түс-өңі –
Өлген жоқсың. Затың – Сұңқар құс еді.
Бар болғаны: шаршап – ұйықтап – түс көрдің…
Бірақ неткен қорқынышты түс еді!
Сұңқар-Рухың аспанымда ұшып жүр.
Қас қағымда… көрген дертті түсің бұл.
Түсіңде не сұмдық көрдің? Жориын…
Түсіндірші! Түсіндірші! Түсіндір!
Тіл қатпайсың. Көніп тағдыр тезіне,
Тірі пенде түспеді ме көзіңе;
Мекер елден қайтып әбден меселің
Менің де енді сенбейсің бе сөзіме?
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *