Тірі жан жоқ мойындайтын күнәні.
Көздерінде күдікті ойлар тұнады…
Сәкен аға! Сардар аға! Қыраным!
Жоқтау болып сені іздейді жыр-әнім…
Сейілте алмай қара түннің тұманын,
Боздап тұрып келеді бір жылағым!
Жоқ қой жерде сенен қалған мола да!
О, сұмдық-ай! Моласыз жан бола ма?!
Егілейін! Еңірейін… ал, одан
Үңірейген сенің орның тола ма?
Бар бауырың көзден моншақ төгеді:
«Бауырым…»-даған жоқтау болып өлеңі.
Көз жасынан жер көгерсе, ендігі
Жерұйықта жүретін кез боп еді…
Жала болып жабысарын Күнәнің
Қайдан білем? Көздің жасын бұладым…
«Халық жауы!» – деген сөзден, тарс бітіп
Әлі, міне, шуылдап тұр құлағым!
Ғазиз жан!
Қабірің қайда қазылған?!
Өз ұлдарын өзі өлтіріп енді кеп –
Өмір бақи жоқтау салу, еңіреу –
Адамзаттың маңдайына жазылған!
Кім біледі, жатырсың ба табытта?
Рухың – ұшып, тәнің ғана қалып па.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК