ҺАУА:
Уа, Адам!
Арысым!
Естіртпеші Әзәзілдің дауысын!
Жаның бар ма?
Қой десеңші анаған!
Дүниеге келгелі тұр шаранаң…
(Талықсып құлайды. Шырылдаған сәби үні
естіледі, Найзағай жарқылдап тұр).
Кіндігін кес!
АДАМ АТА:
Шырылдаған шарана!
О, Таза Ауа!
О, Дала!
О, Жай Оғы!
Аулақ! Аулақ!
Жолама!
Мынау Ақзер дүниеге шырылдап,
Жылап келуге бола ма?!
Не айтайын ата боп бұл балғынға?
Жеріңді көр,
Жата тұрғын шалғында…
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ
Ха–Ха–Ха–Ха!!!
Не бар оған, ал, Мұнда?!
Оны… Тамұқ күтіп тұр ғой алдында!
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
(талықсып естіледі)
Адам! Ата!
Сөзіне оның сенбе сен!
АДАМ АТА:
Неге өмірге жылап келді ендеше?
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Мәңгі-бақи ұмытпаспын бұл түнді!
Ойлайтұғын қу қарын мен құлқынды,
Дүниеге тағы да бір құл туды!…
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
Өмір бүгін белдесуде өліммен,
Аузын жапшы!
Көзде – жасым төгілген…
АДАМ АТА:
Қасымда емес… сөйлеп тұр ғой көгіңнен?
ҺАУА АНАНЫҢ ДАУЫСЫ:
Ақ, қараны кім айырар белгі сап?
Адам!
Саған айқай салар келді сәт!
Әзәзілдер сөйлегенде, үмбетің
Өстіп үнсіз қалар ма екен сен құсап?!
(Адам ойланып тұр)
ӘЗӘЗІЛДІҢ ДАУЫСЫ:
Қалады үнсіз!
Сен білмесең…
Мен – білем!
Иланбасаң, оған қалай сендірем?!
Бұдан кейін кездеспеспіз жекпе-жек,
Жер мен көкте сөйлеспеспіз бетпе-бет,
Көздеріңе көрінбеспін енді мен!
Бұл фәниді басар әлі зіл түні!
Естірсіңдер ессіз зұлмат күлкіні,
Бірінің етін бірі жеген хайуан,
Сендерге де сөйткізермін бір күні…
Көзімнің алды тұлданды:
Хайуандық жайлар бұл маңды!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК