Һауаның күміс сыңғыр күлкісі кеп
қосылып аққулардың гәккуіне.
Аққулар, ұшшы қағып қанатыңды,
паш етіп фәниде жоқ санатыңды.
Әлемдік Поэзия дейтін Сұлу
әуелі осы өңірде жаратылды!
Аққулар, шомыла бер көлге келіп,
қалсыншы ғашық болса өлгені-өліп!
Һауа мен екеуіңнің көз алдыңда
күллі әлем көшіп жатсын дөңгеленіп!
Сыбырлап бір сөз айтам құлағыңа,
Һауаңа өзің көз бол – ұланыңа.
Ғаламда сен болмасаң, ашуланып
қайтадан кетіп қалар жұмағына…
О, неткен таңғажайып мүсін еді,
пеңдеңнің өзің сынды құс реңі.
Болғанмен аты – адам, заты – аққу
Һауа – Қыз гәккуіңді түсінеді…
Жоқ бүгін жемтік іздер жендетің де,
ғаламның ғажайып нұр келбетінде.
Бүгінгі адамзаттың Анасы мен
Атасы ғана жүр ғой Жер бетінде.
Аққулар, шомыла бер сылаң қағып,
шошымай ештеңеден күмәнданып.
Көк пен Жер үйлесімі көңіл арбап
көздері бара жатыр тұманданып…
Һауаның қасиетті қара нары –
саф таза сұлулықты саралады.
Сендерге әзірше оның жазығы жоқ,
бәрін де бүлдіретін – Балалары…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК