Ауа!
Су!
От!
Дүниенің бәріне
Тағзым етіп басымды ием Сен үшін!
Аң-таң қалам ғажап сиқыр Ғаламға,
Сансыз елес сапырылған санамда.
Дүниеде сендей Әйел болмаса
Әлеміңнің керегі не Адамға?!
ҺАУА:
Адами пәк жүрегі бар, құлқыны,
Неткен жан ең қайғылы һәм күлкілі!
Кіндігіңнен тарайтынның біреуі
Бұлбұл болып сайрап берер бір күні…
Махаббаты, шапағаты бай – өңге,
Мұндай лебіз айтылды екен қай елде?
Енді туар адамзаттың үмбеті
Ғашық болып өтеді екен – Әйелге!
АДАМ:
Суға айтамын,
Отқа айтамын,
Ауаға,
Әйел біткен тартса екен тек –
Һауаға!
ҺАУА:
Мақтауыңды асырдың-ау, Жарықтық…
АДАМ:
Көресің бе?
Аспаннан нұр тамып тұр!
О, Дүние!
Құпияңа қанықтыр!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК