Поэзия!
Келсеңші кездесуге,
Кейінде үнсіз қалдың, беу, несіне?
Айтуға кең ғаламның кереметін
Қонбап па ең Кемпірбайдың кеудесіне?
Кейінде үндемейсің, беу, несіне?
Несің сен? Ойранбысың, сайранбысың?
Ел көшкен иесіз жұртқа айналды ішім.
Көңілден «Қош» деп ұшқан көкала үйрек,
Қайда ұштың бізді тастап, қайран құсым?
Ел көшкен иесіз жұртқа айналды ішім.
Кел-дағы қапылысқа кезіге кет,
Өмірден өтіп барам өзіңе кеп.
Жаһанда жалғыз жортқан жолбарыс боп
Жамбылдың көрінбеп пе ең көзіне кеп?
Кел-дағы қапылысқа кезіге кет.
Бұл тірлік болса-дағы бір күн елес,
Үстінен өзің кел де, дүркіре, көш.
…Адамзат азап шегіп жатқан кезде
Айналып бір соқпауың мүмкін емес!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК