Мен де сенше Аспан жаққа ұшам ба?
Маған да бір қанат бітіп барады…
ЖҰМАТАЙ:
Жалған-ай!
Қанатымның ұша-ұша талғаны-ай?
Қолына елдің тигені де – өзіне,
Тіршілігі, күйбеңі де – өзіне!
Кенежирен жұлдызға ұқсап аққанда
Дүниеден түк түспейді көзіме.
Өңімдегі түссің деп ем – нандың ба
Қанатты аққу құссың деп ем –
Нандың ба?!
Аспанға ұшсаң, Сарноқайың бұлдырап
Ноқат болып жатпас па еді алдыңда?
Муза құсым, көздерінен жас тамған
Мені әкетті… бас айналды сасқаннан.
Ел, бекетке… мемлекетке, бәріне
Аң-таң қалып жүрмін Аспаннан!
Таңғажайып әлем ғой бұл түстен де,
Айналасың күшті елден де күшті елге.
Анда-санда жерге қайтқым келеді
Алабұртып сен көзіме түскенде…
Көңілімді көптен тескен бір арман,
Көз жасымды шыңыраудан шығарған.
Анда-санда даусыңды естіп тұрайын,
Өңшең алтын дыбыстардан құралған.
Жұматай.
Сарноқайда жаз бойы қар жатады,
Неге тағдыр адамды зарлатады.
Зайда.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК