Маңдайдағы сенің сорың бес елі

Маңдайдағы сенің сорың бес елі,
Маңдайдағы менің сорым бес елі.
Таба алмай қап шыңға шығар жол нұрлы,
Аяп кеттік өзіміздей сорлы ұлды.
Алтын іздеп шығып едік Алаштан,
Алдымыздан күлі шығып – қор қылды.
Жазған тағдыр таланың ғой сенің – бұл.
Жазған тағдыр таланым ғой менің – бұл.
Аз болғандай бізге Абайдың қайғысы,
Түсімізге енді Ницше еніп жүр.
Тобыр да көп,
Обыр да көп.
Ол – Жалғыз,
Талай жерде біз де жалғыз болғанбыз!
Соның заңғар биігіне ғашық бол,
Тұр қол бұлғап – қашықта ол.
Тұқымы – есек, тұғыр мінген мына елмен,
Альпі түгіл, Ақтоғайдан асып көр…
Құлагерім қайда десем кешегі,
Батыраштар басын алған деседі.
Қайтем мына қазақ деген мұңдасты, –
Ақан сері – құшақтаған қу басты…
Маңдайдағы сенің сорың бес елі,
Менің сорым бес елі.
Маңдайдағы соры бар жұрт бес елі,
Мұратына бір жетеді деседі.
Дауыл соғып, құшып асау толқынды,
Күтіп жүрміз сол күнді.
 
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК
 
 
 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *