Жылан – олар – адамзатты арбаған,
Түбіне де жеткен солар ұлтының!
Ізгілікті ішіп-жеген көздері,
Абай айтқан: «шошқа туар сөздері».
Нәсіл де жоқ, ұлт, халық та жоқ онда –
Өздері бар…
Тек – өздері!
Өздері!..
Қараң қалсын: қайтеді олар өзгені?
Есіл-дерті – өз қарыны, өз демі.
Құлқыны үшін құлындарын… сойып – жеп,
Өңі кіріп жүре бермек өздері!
Жүргенменен Мәңгүрт құсап мәңгіріп,
Жамандықта… тіріледі жан кіріп.
Құдайға да сенбейді олар ғұмыры,
Маркске де сенбейді олар мәңгілік!
Абайдың да «осалдығын» аңғарып,
Ілиястың шабытына шамданып –
Жаһан жылап жатса дағы – мәз-мейрам,
Жүреді олар тасбақаша жан бағып.
Адамзатқа арандарын тұр ашып
Бәйек болып… жанкүйер боп… жыласып.
30-ыншы жылдардағы Белсенді – ол.
Сол 40-ыншы жылдардағы Власов!
Тарих – Ата ол жайлы
Неше түрлі хикаяны толғайды.
Тоғышардың көзін ашып көргені –
Ошақ қана, Отан деген болмайды!
Бір жағы – май, бір жағы у ұрты, әні,
Тақсыретін тартады оның жұрты әлі.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК