Жасыны ойнап кейде Алматы сенделсе

Жасыны ойнап кейде Алматы сенделсе –
Шерленгені…
Жөні бар ғой – шерленсе.
Қош болып тұр, Ренессанс заманы,
Қазағыма қайта айналып келгенше!
* * *
Бір болатын дүниеде сайран көшім,
Қайда жүрсің сен осы, қайран досым.
Жаңа дос көп жанымда, олар бірақ,
Жаным, маған өзіңдей қайдан болсын.
Пендеміз ғой, пендеге – пенде күлсін,
Күлгендерді күлкіге кенде қылсын.
Біреулердің қасында мен де жүрмін,
Біреулердің қасында сен де жүрсің.
Мына өмірден осылай кетеміз бе,
Тағдыр қастық жасады-ау бекер бізге;
Екеуімізді екіге бөліп тастап,
Екі дүние күліп тұр екеумізге.
Жан досымның дос болып жауы маған,
Өршіп барад өмірдің дауы жаман.
О дүниеде осындай өмір болса,
Мен қайтсем де өзіңді тауып алам.
Қараң қалып бәрі де тамсандырған,
Қараң қалып қиқулар жар салдырған:
«Дүниені арқалап келдің бе?» – деп
Менің де әкем шығады қарсы алдымнан.
Тәтем қайда?
Соңынан ұшпадым деп,
Жүрмін бас сап қолынан ұстағым кеп,
Қарсы алдыңнан сол кісі шыққан кезде,
Айта көрме сен мені дұшпаным деп.
 
 
 

АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *