Балалық кеп сенің, менің еркімді,
Алған кезде, қайдан құйын жел тұрды?
Сенде де бір, менде де бір періште,
Бар еді. Оны қандай пері өлтірді?!
Бір кездері періште едік.
Тұнық бір –
Бұлақ едік.
Соның бәрі ұмыт – тұл.
Өмір дейтін мыстан кемпір, о, сұмдық,
Бізге қарап ыржалаңдап күліп тұр!
Балалықтан емес екен түк те әсем.
Әлди… соны түсіңде көр – ұйықта сен:
Мыстан кемпір қарсы аларын білгенде
Ақжарықтан адым аттап шықпас ем.
* * *
Шамды айналған, көбелек,
От па, нұр ма, саған осы не керек?
Ғажайып бар өмір дейтін дүниеде.
Ол – шамыңның жарығынан да керемет!
Түсінбейді оны, жәндік, сен түгіл,
Адам дейтін хайуан да, не керек…
* * *
Осынау жұрттың ұларда шу боп ұлысы,
Құтырған кезде құлы мен күңі, ұрысы:
«Мағжан, Сәкен халықтың жауы!» десті жұрт.
Досы кім сонда?
Е, онда кімнің жұмысы?!
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК