Ақындардың ауылдарда туатын
Астанада өлетіні – өтірік!
Сырласқалы сырбаз
Муза құсыммен,
Алатауым шықпай қойды түсімнен.
Алматыға жиі барам, қалтамды
Дәлдүрішке қағып беру үшін мен…
Ойлайды олар мені мырза кісі деп,
Басын арбар барымыздың іші деп.
Мен де отырам алай-түлей кеудемде
Сарыарқаның арғымағы кісінеп!
Арғымақтар – тісі тимей тісіне,
Қарамастан күж-күж еткен кісіге, –
Ақжарықтан тұяқтары жер тарпып,
Шауып кіред «Алматының» ішіне…
Көзден ұшып көрген шаһар, көп қызық,
Қайтар шақта келер, кеудем – от – қызып.
Ауылдағы поэзия күндерін,
Астананың барларында өткізіп, –
Қайтам мұңды ойға батып не түрлі,
Алатаудың лебі сипап бетімді.
Аэропорт «Ақсұңқарға» қарасам,
Әкем қалып бара жатқан секілді…
Көзімді арбап көгі, гүлзар көше де,
Сұлулықты құям көңіл кесеме,
Соңымда енді әкем қалса, қайтейін,
Қайту керек қырда қалған шешеме.
«Қош, Алматы» деймін сонда ішімнен,
Бірге ұшып шық көңілімнің құсымен
Сайқал қала – сайқал қатын секілді,
Маған опа бермейтінін түсінем.
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК