Өмір – өзен қалғаны ма тоқырап?
Жүрек – шерлі. Ащы жасым мол – көзде.
Мен әкеме салдым өксіп топырақ,
Көбің тойда отырдыңдар сол кезде!
Бәрін кешем. Алаңы жоқ ақ таңда
Шаттаныңдар шарап ішіп, күлгендер,
Тек – адамзат өксіп жылап жатқанда
Біреулерің тойға барып жүрмеңдер!!!
* * *
Ақша қарға оранды Қарқаралы.
Көз алдында – күллі әлем картадағы.
Жұмыр жүрек ішінде – жұмыр Жерім,
Сайрап кетсем тілімнен бал тамады.
Шиырлаймын несіне ой легін көп?
Уайым – жоқ. Тамақ – тоқ. Көйлегім – көк.
Неше түрлі елдердің сөзін естіп,
Неге менің кетеді сөйлегім кеп?
Өліп-өшем өзгені – өзге емес деп,
Ошақ сөзін Отаным сөз демес деп.
Құнанбайдың мешітін көрсем болды
Амра ибн әл – Аса көзге елестеп…
АҚСҰҢҚАРҰЛЫ СЕРІК